Тайынша ауданында ауқымды өзгеріс орын алады
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды. Өңір басшысы ауданда көктемгі су тасқынына дайындық шараларын тексеріп, Тайынша, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандары әкімдерінің және жауапты басшылардың қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Биыл Заречное ауылында жол күрделі жөндеуден өтіп, Шағалалы өзені арқылы жаңа көпір салынады. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде ауылға үздіксіз қатынасты қамтамасыз етпек.
Ауданда СҚО әкімі әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Полиэтилен құбырларын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Ауданаралық ауруханаға да барып, жас дәрігерлермен тілдесті. Биыл емханаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған, заманауи ангиограф пен МРТ алынады. Аудан орталығында жабық мұз айдыны ашылып, қысқы спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалды.
Ғауез Нұрмұхамбетов Драгомировка ауылына да соқты. Мұнда биыл апатты білім ошағының жанынан жаңа мектептің құрылысы басталады. Қазір балалар бұрынғы балабақшаның ғимаратында уақытша білім алуда. Өңір басшысы мердігер мен жауапты басшыларға құрылысты уақытында және сапалы жүргізуді тапсырды.
Тайынша ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қарияларға арналған «Надежда» орталығында аға буынмен кездесіп, қарттарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Бұдан кейін әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға арналған көпқабатты үй иелерінің шаңырағына барып, қоныстойға құттықтау айтты.