СҚО-да су тасқыны басталғаннан бері 77 адам эвакуацияланды
Су тасқыны басталғалы бері Петропавл мен облыс аудандарында 29 үй су астында қалды. Атап айтқанда, Ғ. Мүсірепов, Шал ақын, Тайынша аудандарында. 77 адам эвакуацияланды, оның 47-сі үйге оралды. 226 ауыл шаруашылығы жануары айдалды, олардың 65-і иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды СҚО ТЖ Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап QZ Мedia тілшісі.
“Өткен түні Шал ақын ауданы Жаңасу ауылының шетіне даладан еріген қар суының келуі орын алды. Осыған байланысты халықты эвакуациялау қажеттілігі туралы хабардар ету бойынша жұмыс жүргізілді. Су 5 үйге жақындап, тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Жаңасу негізгі мектебіне 13 адам көшірілді, оның ішінде 9 бала бар. Ғ. Мүсірепов ауданы Новоишимское ауылы Набережная көшесінде орналқан 6-шы үй Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде су астында қалды. Алдын ала қажетті заттар мен құралдарды эвакуациялау жүргізілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Тұрғындар – 6 адам, оның ішінде 2 бала бар. Барлығы туыстарына жеткізілді”, – делінген бейінді ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Автожолдарды су шаюдың 25 фактісі тіркелді, оның ішінде республикалық маңызы бар жолда – 5, облыстық маңызы бар жолда – 6, аудандық маңызы бар жолда – 14. Белгілер қойылды. Жергілікті атқарушы органдар мен полицияның күшімен кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл жағдай бақылауда.
Жақын орналасқан елді мекендерді су басуға жол бермеу мақсатында еріген суды өткізу үшін автожолдарда жол төсемін 5 рет бұзу жүргізілді. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда – 4, облыстық жолдарда – 1. Баламалы жол бар, белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылды. Көлік қатынасынсыз бір елді мекен қалып отыр – Уәлиханов ауданындағы Қаратал ауылы. Осы елді мекеннің қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды, құтқарушылардың кезекшілігі қамтамасыз етілді.