17-18 сәуір аралығында Петропавл маңынан үлкен көлемде су өтеді
9 сәуір күні сағат 20:00-де Сергеев қоймасының ернеуінен асқан судың биіктігі өзгеріссіз тұрғаны тағы бір тіркелді. “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалында өңір аумағындағы су тасқынының ағымдағы жағдайы туралы сөз қозғалды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
8 сәуірдің кешінен Сергеев қоймасының ернеуінен асқан судың биіктігі 425 см деңгейінде, яғни өзгеріссіз қалып отыр.
“Бүгінгі таңда Есіл ауданындағы Покровка ауылының маңынан
су тасқынының бірінші толқыны өтуде. 8 сәуір күні Покровка ауылындағы бақылау бекетінде мұз кептелісі болды. Осыған байланысты Есіл өзені арнасынан асып, Покровка ауылына кірді. Кептелісті бұзғаннан кейін су көлемі мен ағын жылдамдығы артты”, – делінген “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалының хабарламасында.
Қазіргі уақытта Покровка ауылы маңындағы Есіл өзеніндегі су деңгейі – 1549.
Ал Новоникольское ауылы маңындағы Есіл өзеніндегі су деңгейі – 1152 см. 9 сәуірден бастап Новоникольское ауылында кептеліс байқалады, жылдамдық бұзылғаннан кейін су көлемі одан әрі өсуі мүмкін.
Болжам бойынша, 17-18 сәуір аралығында Петропавл қаласы маңынан топан су өтеді.