Қала тұрғындары су мен жарықтың сөнуіне қатысты ақпарға сенбеуі тиіс
Петропавлда су өшірілгеннен кейін қала тұрғындарының мессенджерлерінде шындыққа жанаспайтын ақпарат таратыла бастады. Кейбір ақпараттық хабарламаларда қалада судан кейін жарық сөнетіні туралы айтылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“WhatsApp чаттарында ұзақ уақыт электр қуатының және судың болмайтындығы жайлы жалған ақпарат белсенді түрде таралуда. Қала бойынша электр қуатын өшіру қаупі жоқ екенін хабарлаймыз. Барлық қажетті техникалық құралдар бар. Петропавлда тәулік бойы кезекшілік ететін 14 апаттық бригада құрылған. Сондай-ақ, сумен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Тек ресми дереккөздерге сенулеріңізді сұраймыз. Дүрбелеңге салынбаңыздар”, – делінген Петропавл қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Бүгін “Қызылжар су” ЖШС тағы бір хабардың жалған екенін жариялады.
“Әлеуметтік желілерде “Қызылжар су” ЖШС қала тұрғындарына техникалық су беріп жатқаны туралы ақпарат белсенді түрде таратылуда. Ауыз суды тазарту процесін және ауыз судың сапасын тексеруді СЭБ өкілдерінің қадағалауымен санитариялық талаптарға сәйкес ДСҰ зертханасы жүзеге асырады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Тек тексерілген дереккөздерге сенім білдіру туралы өтініш білдіреміз”, – делінген “Қызылжар су” ЖШС хабарламасында.