Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да үй маңындағы дүкендерде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы көтерілген

СҚО-да үй маңындағы дүкендерде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы көтерілген

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерінен асып кету жайты “үйдің жанындағы” 17 дүкенде және сауда желілерінде, сонымен қатар 7 көтерме сауды орнында және 3 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіде анықталды. Бұл жайлы тілшілерге облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы айтты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

«Осы бизнес субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатуда жалпыға ортақ тиісті ережені елемей, мына тауарлар бойынша заңсыз сауда жүргізген: 1 сұрыпты бидай ұны, ұнтақталған күріш, қарақұмық жармасы, майлығы 5-9 % сүзбе, тауық еті, майлығы кем дегенде 72,5% сары май, күнбағыс майы, түйіршіктелген қант», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.

Департамент басшысы бұл фактілер кәсіпкерлердің бәрі бірдей заңнамада белгіленген талаптарды орындамайтынын кезек мәрте айғақтайтынын атап өтті.

«2024 жылдың басынан бастап Департамент ҚР ӘҚБтК 204-4-бабының тәртібімен 27 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауаптылыққа тартты. Оның ішінде: 8 – орта кәсіпкерлік субъектілері, 19 – шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері. 26 бизнес субъектісіне ескерту жасалды, 1 бизнес субъектісі мемлекет бюджетіне әкімшілік айыппұл төледі», – деді Қанат Жеңісбекұлы.

Осыған байланысты, Қанат Жеңісбекұлы бизнес субъектілерінен адалдық танытуды, азаматтық жауапкершілік көрсетуді және қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтауды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді, тауардың құнын айқындау кезінде сауда үстемесінің қатаң белгіленген мөлшерін (15% – дан аспайтын) ұстауды сұрайды.

Shares