СҚО-да 78 үйге су кірді
Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі себебінен бір тәулік ішінде Есіл ауданының үш елді мекенінде, атап айтқанда, Петровка, Покровка, Бірлікте эвакуациялау жұмысы жүргізілді. СҚО ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен алдын ала эвакопунктке және туыстарына 19 үйде тұрған 60 адам жеткізілді. Оның ішінде 6 бала бар, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі СҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отыра.
“Алдағы күндері облыс орталығына жақын Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуі күтілуде. Заречный кентінде құтқарушылардың, полиция қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдардың күшімен алдын ала эвакопунктке және туыстарына 500-ге жуық адам эвакуацияланды, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде”,-делінген СҚО ТЖ Департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта облыста 78 үй, 185 үй маңындағы аумақ су астында қалып отыр, 1266 адам эвакуацияланды, олар эвакопункттерге және туыстарына орнықты. 2400-ден астам жануар да эвакуацияланды.
Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарда 17 шаю жайты да тіркелгенін айта кету керек.