Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » “Әр мәселені жеке-жеке қарайтын боламыз”, – Серік Мұхамедиев зардап шеккендерге төлемдер жасау жайлы

“Әр мәселені жеке-жеке қарайтын боламыз”, – Серік Мұхамедиев зардап шеккендерге төлемдер жасау жайлы

Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға материалдық көмек көрсету туралы Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев БАҚ-қа арналған брифингте тағы да айтты. Қала басшысының айтуынша, тиісті өтемақы ТЖ қызметі әкімдікке су басу аймағында қалған үйлердің тізімін ұсынғаннан кейін басталады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Әлеуметтік көмекке өтініш беру керек. Ол адамдарға 100 АЕК мөлшерінде төленеді. Өтемақы алуға да өтініш беру керек. Адвокаттармен, нотариустармен, прокурорлармен бірлесіп осы жұмысты жүргіземіз. Нотариаттық кеңселер зардап шеккендерге тегін қызмет ұсынады. Адвокаттар болса құжаттарды қалпына келтіру мәселелерін, сондай-ақ мұра құқықтарын жедел қарау үшін сотта азаматтардың мүдделерін қорғайды. Біз мұны адамдар күтпеуі үшін қысқа мерзімде жасаймыз”, – деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

Қала басшысы су тасқыны салдарынан саяжай учаскелерінен айырылған азаматтарға көрсетілетін көмекке жеке тоқталды.

“Егер саяжай жалғыз тұрғын үй болса, онда ол оған теңестіріледі. Бұл жағдайда көмек толығымен көрсетіледі. Қалғандарына келетін болсақ, бұл заңнамалық тәртіппен қаралатын болады, әрбір мәселені жеке-жеке қарайтын боламыз”, – деді Серік Мұхамедиев.

Қала басшысы облыс орталығына судың келуі тоқтағанын, бұрын тіркелген деңгей төмендегенін айтты. 12 эвакопункт жұмыс істейді, оларда 109 бос орын бар.

Shares