Қозыбаев университетінде еріктілер, құтқарушылар мен әскери қызметшілер үшін 80 келі бауырсақ пісірілді
Қозыбаев университеті су тасқынымен және оның салдарымен күресуге барынша көмек көрсетуді жалғастыруда. Оқытушылар, қызметкерлер мен студенттер зардап шеккендерге жүк көліктерімен гуманитарлық көмек тасуға қатысады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Осы үш күн ішінде университет еріктілері жүздеген келі су, азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажетті заттарды жеткізді.
“Университеттің әйелдер қауымы 9-15 сәуір аралығында АФ азық-түлік қауіпсіздігі зертханасында, меңгерушісі Ирина Әубәкірованың жетекшілігімен су тасқынына қарсы іс-шараларда жұмыс істейтін еріктілер мен әскери қызметшілерге тағам дайындаумен айналысты. Барлығы 40-қа жуық қызметкер мен ПОҚ жұмылдырылды. Олар 80 келі бауырсақ, 9 келіден астам самса, 5 келі тоқаш пісірді”, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, ЖОО-ның № 4 ОК, 101 кабинетінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинау пункті жұмыс істейді.