СҚО-да 13 мыңнан астам адам эвакуациялау пункттерінде тұруда
Сандар көңіл көншітпейді! Солтүстік Қазақстан облысында 2516 үйді су басқан, ал 1115 үйдің ауласында әлі күнге дейін су тұр, деп хабарлайды QZ Mediа тілшісі.
СҚО ТЖД атап өткендей, су тасқыны басталғалы бері 14 388 адам қауіпсіз жерге көшіріліпті. Олардың 643-і үйлеріне оралған, ал 13 745 адам қауіпсіз жерлерде қалып отыр.
«242 эвакуациялау пунктінің 15-і – Қызылжар ауданында, ал 14-і Петропавлда орналасқан, олардың барлығы бірінші кезектегі қажетті заттармен қамтамасыз етілген», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Топан су келе бастағалы бері облыста 5143 ауыл шаруашылығы жануары көшірілген. Сергеев су қоймасына келетін болсақ, онда ернеуінен асқан судың биіктігі 2 м 60 см құрайды.
«Петропавл су торабынан 5401,00 м3/сек су жіберіліп жатыр. Су деңгейі 1234 см құрайды. Соңғы тәулік ішінде көрсеткіш 1 см төмендеді. Су басу қаупінің алдын алу үшін суды сору, қолданыстағы бөгеттерді әрмен қарай салу және нығайту, каналдарды кеңейту және тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Сорылған су көлемі – 739 415 м3, күшейтілген бөгеттер – 24 958 м, салынған бөгеттер – 8 501 м, ал төселген қаптар – 332 516 дана», – делген ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.