Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Олар өз иелерін күтуде»: Петропавлдық еріктілер санаулы күн ішінде иттерді эвакуациялау пунктін ашты

«Олар өз иелерін күтуде»: Петропавлдық еріктілер санаулы күн ішінде иттерді эвакуациялау пунктін ашты

Жандары жануарлар әлеміне жақын қалалық белсенділер ашқан эвакуациялық орталықта 100-ден астам ит ұсталуда. Ол Гашек к-сі, 40 «Б» мекенжайы бойынша орналасқан. Мұнда су басқан аудандар мен ауылдардан әкелінген үй жануарлары өмір сүруде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Татьяна Мухамедзянова – “Добрая планета” қайырымдылық қоры және “Ковчег” Солтүстік Қазақстан зооқорғау қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің директоры. Соңғы аталған ұйым мен ветеринария басқармасы арасында жануарлар саласындағы ынтымақтастық жөнінде меморандум жасалыпты.

«Бастапқыда су басқан жерлерден жануарларды эвакуациялауды өз мойнымызға алдық. Бұл – біздің бірінші тәжірибеміз, бәрі жоспарлы түрде болғанын қаладық, бірақ басында 4 қыз ғана жұмыс істедік. Гашек, 40 «Б» меканжайы бойынша орналасқан нысан бізге берілді, бірақ көп ұзамай іші итке толып кеткендіктен жабылып отыр. Жаңа келушілерді қабылдауды тоқтаттық. Уақытша көмек те қабылдамаймыз. Өзімізде қор қалыптасты. Бізге көмектескендердің барлығына алғысымыз шексіз», – деді Татьяна Мұхамедзянова.

Белсенділер құтқарып қалған мысықтар адамдардың қолына берілген. Жақын арада Большая Малышка ауылының жануарлары да осылай болмақ.  Су тасқынынан зардап шеккен кейбір адамдар өздерінің иттерін алып кеткен.

Қалғандары шыдамдылықпен иелерін күтуде. Құтқарылған иттерге еріктілер қамқорлық жасайды. Күніне 9-10 адам жұмыс істейді, олар таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін тер төгеді. Олар азулыларды суарады, тамақтандырады, үй-жайларда тәртіпті сақтайды, гуманитарлық көмекті сұрыптайды.

Гашек көшесінде орналасқан иттерді эвакуациялау пунктінің өкілдері түрлі заттар алып, келуді жоспарлаған жомарт жандардан алдымен хабарласуды сұрайды. Үй жануарларына осылайша көмектесу тиімдірек болмақ. Белсенділер эвакуация пункті бір жарым ай жұмыс істейді деп болжайды.

 

Shares