Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қызылжар ауданының әкімі су тасқыны жайлы: “Біз бірлесе осы кезеңнен өтіп, ауданымызды құтқара аламыз”

Қызылжар ауданының әкімі су тасқыны жайлы: “Біз бірлесе осы кезеңнен өтіп, ауданымызды құтқара аламыз”

Қызылжар ауданында 22 елді мекенге су кірді. Су тасқыны басталғанға дейін мұнда 18 эвакопункт құрылды. Аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасов қауырт кезеңге қатысты сөз қозғап, қызылжарлықтарға жүгінді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Су тасқыны басталғалы және оған дайындықтың алғашқы күндерінен иық тірестіре жұмыс істеудеміз. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде көптеген үй су астында қалды. Біршама уақыттан бері біз сарбаздармен, төтеншеліктермен және қарапайым тұрғындармен бүкіл ауданның “қорғанысын” ұстап тұрмыз”, – деп жазды аудан басшысы әлеуметтік желілердегі парақшаларында.

Аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасов жергілікті блогер су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізген қызылжарлықтардың еңбегін жете бағаламау жайтына пікір білдірді.

“Мен жағдайды түсіндіру үшін адамдарға арнайы шықтым. Жергілікті тұрғындар көмек көрсетіп, журналистен менің сұхбатымда шын мәнінде не туралы айтылғанын сұрады. Барлығы шешілді, түсініспеушілік реттелді. Мен сіздердің адал және құнды еңбектеріңізді ешбір жағдайда кемсітпеймін және кемсітуге батылым бармайды. Жергілікті кәсіпкерлер мен Бескөл ауылының тұрғындары үлкен көмек көрсетуде, мен мұны мойындаймын. Тіпті кішкентай балалар да қаптарды толтыру үшін қосылды”, – деп жазды Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов.

Сондай-ақ, аудан басшысы аса күрделі кезең өтіп жатқанын айта келе, қызылжарлықтардан адамдардың көңіл-күйімен ойнамауды сұрады.

“Мен бәріне ашықпын, сындарлы диалогқа дайынмын және біз тек осылай ғана күрделі жағдайдан шығып, ауданымызды құтқара аламыз”, – деп жазды Сақтаған Сәдуақасов.

 

 

 

 

Shares