Зардап шеккен 2000-нан астам қала тұрғыны төлем алуға өтініш берді
Зардап шеккен 2000-нан астам қала тұрғыны екі бағыт бойынша төлем алуға, яғни біржолғы төлем мен залалды өтеу бойынша өтініш берді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, су тасқынынан зардап шеккен петропавлдықтар несиені кейінге қалдыруға 97 өтініш жазған. 17 сәуірде залалды өтеуге тағы – 138 өтініш, біржолғы әлеуметтік көмек көрсетуге – 139, кредиттер бойынша кейінге қалдыруға 10 өтініш қабылданды.
“Азаматтардың негізгі бөлігі бірінші күні жүгінді. Бүгінде өтініш білдірушілер саны азайды. Қазір кезексіз қабылдаймыз, 5 кабинет жұмыс істейді. 30 қызметкер өтініштерді қабылдайды. Бізде өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында ХҚКО қызметкерлері жұмыс істейді, тіркелген құқықтар туралы анықтамалар ұсынады, ал банк қызметкерлері өтініш берушілерге шот нөмірлерін беру үшін жұмыс істейді. ТЖ басқармасы бізге құжаттар тізіміне анықтама дайындайды, ұсынады. Осыдан кейін әлеуметтік көмек тағайындалады”, – деді Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Данияр Асылбеков.
Зардап шеккен халықтың мүлкін бағалау су тасқыны жағдайы тұрақталғаннан және үйлер мен аула аумақтарынан су толығымен кеткеннен кейін басталады. Өтініштерді қабылдау жалғасуда. Сіз күн сайын сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін Театр көшесі, 36 мекенжайы бойынша өтініш бере аласыз.