СҚО-да Тоқсан би ауылының маңында су деңгейі 71 см-ге көтерілді
Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайы тұрақты күрделі күйінде қалып отыр. 3200 үй су астында қалды. Эвакуациялық пункттерге 850 адам орналастырылған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
19 сәуір күнгі сағат 12:00-де Сергеев су қоймасы 161%-ға толған, ернеуден асқан судың биіктігі 322 см құрайды.
“Қазір біз Ақмола облысымен шекарада су деңгейінің көтерілуін байқап отырмыз. Соңғы тәулік ішінде деңгей Ғ. Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би ауылының гидробекетінде 71 см-ге көтерілді. Су тасқыны басталғаннан бері жол учаскелері 69 мәрте су астында қалды, бүгінде тасқынға байланысты көлік қозғалысы шектелген 10 учаске қалып отыр”, – деді СҚО ТЖД жедел штабтың бастығы Аслан Ахметжанов.
18 сәуір күні аймақтан алматылық әскери қызметшілер кетті, 19 сәуір күні Абай облысының сарбаздарын шығарып салу өтеді. Топан судың салдарынан қандай әлеуметтік және ауылшаруашылық нысандары зардап шекті? Бұл сұраққа әлі ешкім жауап бере алмайды. Ақпарат күн сайын жаңартылып отырады, арнайы комиссия жұмыс істеуде.