Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Топан судан зардап шеккен Бескөлдегі 200-ге жуық үйді бағалаушы қарайды

Топан судан зардап шеккен Бескөлдегі 200-ге жуық үйді бағалаушы қарайды

Бескөл ауылында біршама адам тасқынның зардабын тартты. Нақтырақ айтсақ, Есіл өзенінің маңында орналасқан үйлерді су басты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Светлана Барановская мен оның күйеуі өткен күндерді естеріне алғысы келмейді. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйде ерлі-зайыпты 11 жыл өмір сүрді. Өткен жылдың жазында олар ақша жинап, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бүгін ауыл тұрғындарының үйіне бағалаушы келіп отыр.

“Біз оған бәрін көрсеттік. Еден, тұсқағаз, жиһаз, диван, ас үй жиынтығы, төсек қамтылды. Ол бәрін жазды. Біз тоңазытқыштарды көтеріп, сақтап қалдық. Көз алдымызда су келді, бәрін көрдік”, – деді Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғыны Светлана Барановская.

Бескөлде бағалаушы жаңа жұмыс аптасының бірінші күнінен жұмыс істей бастады. Ол елдімекенде зардап шеккен 200-ге жуық үйдің жағдайымен танысуы керек.

“Семипалатное, Боголюбово, Надежка ауылдарын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бағалаушы бәрін тексереді, құжаттар пакетін алады, содан кейін есеп жүргізіледі, ол ТКШ бөліміне келеді. Бағалау комиссиясы жұмыс істегеннен кейін қаржы зардап шеккендерге түседі”, – деді Қызылжар ауданының сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бас маманының м.а. Жәнібек Қойшыбаев.

Бір зардап шеккен үйді тексеру үшін кемдегенде бағалаушыға 10 минут қажет. Маман иелерімен сөйлеседі, үйдің құжаттарын қарайды, суретке түсіреді.

“Тұрғын үйлердің өзі, жөндеу жұмыстары мен жылжымалы мүлік бағалауға жатады. Біз судың азаюына байланысты кезектілік тәртібімен жүреміз. Соңғы жөндеу жұмыстары қашан жүргізілгенін қарастырамыз, барлық деректер нақтыланады. Нысан иелері тексеру актісіне қол қояды, сол сәтте құжатқа не енгізетінімізді келісеміз. Ал тұрмыстық техника бөлек маманның жарамсыздығы туралы қорытындысын талап етеді”, – деді бағалаушы Мидхат Фасхутдинов.

Мұндай маман іздеумен ауыл тұрғындарына Қызылжар ауданының әкімдігі көмек көрсетеді. Алда бағалаушыны үлкен жұмыс күтіп тұр. Ол Вишневка, Ольшанка, Вагулино, Большая Малышка ауылдарындағы зардап шеккен үйлерді тексеруі керек.

Shares