Сергеев қоймасындағы судың деңгейіне қатысты жалған ақпар таратқан петропавлдық жазаға тартылды
21 сәуір күні полиция қызметкерлері Instagram желісінде Сергеев су қоймасы көрсетілген бейнематериалды анықтады, деп хабарлады QZ Media тілшісі.
Видеода қоймадағы судың арнасынан асып төгілуі 4 метрді құрағаны айтылған. Шындыққа жанаспайтын ақпар. Автор судың шынайы деңгейін бұрмалап, жалған ақпарат таратқан. Ол 25 жастағы петропавлдық болып шықты. Оның сөзінше, бұл деректі сол жерде бейнеконтент түсіріп жатқан бейтаныс адамнан естіген.
Қала тұрғыны өз кінәсін мойындады. Полицейлер мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабына сәйкес жеке тұлғалар үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделгенін ескертеді.