Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдық жоғалған 6 жасар ұлын іздеп тапқан полицейлерге алғыс айтты

Петропавлдық жоғалған 6 жасар ұлын іздеп тапқан полицейлерге алғыс айтты

Петропавлдың әлеуметтік желілерінде қала тұрғынының тәртіп сақшыларына арнап жазған алғысы жарияланды. Ол 6 жастағы ұлының жоғалғаны туралы айтып берген, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

“Бүкіл ауданды шарлап шықтық, бірақ таба алмадық. Өтіп бара жатқан адамдар оны “Буратино” дүкенінің жанында көргенін айтты. Ол жаққа келгенде, ұлымыздың жанында екі полиция қызметкері қолынан ұстап тұрғанын көрдік. Тіпті оған шырын да сатып алған екен… Оларға қаншалықты риза екенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – деп жазды ер адам.

22 сәуір кешкі уақытта Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бахтияр Дощанов пен Азамат Темірханов көшеде ата-анасыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған. Бірден оған жақындап, есімін сұраған. Бала есімін айтқанымен, мекенжайын білмепті. Бұл кезде баланың жоғалғаны туралы полицияға ешқандай хабарлама түспеген.

Бала патрульдік көлікке отырудан бас тартқандықтан, тәртіп сақшылары оны қалалық полиция басқармасына жаяу алып барған. Бүлдіршінді тыныштандыру үшін балаға шырын алып беріпті. Бұл уақытта баланы әбден таусыла іздеген әкесі де келіп жетті.

“Баланың ата-анасымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді. Кейде кішкентай балалар қанша бақылауда ұстасаң да кетіп қалуы мүмкін. Ересектерден осындай жағдайларда қажетті шараларды қолдануын сұраймыз. Баланың өз аты мен мекенжайын білетініне көз жеткізіңіз, оның қалтасына мекенжайы мен байланыс деректері жазылған қағаздар салыңыздар”, – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығы Марат Жұмалиев.

Shares