СҚО-да керуеншілердің, джиптік және кемпингтік туризм әуесқойларының «drive forum» фестивалі келесі жылға шегерілді
Солтүстік Қазақстан облысындағы «Имантау-Шалқар» курорттық аймағында жоспарланған керуеншілердің, джиптік және кемпингтік туризм әуесқойларының «Drive Forum» ауқымды фестивалі өтпейтін болды. Бұл туралы QZ Media тілшісіне «Ката» қазақстандық автомобиль туризмі қауымдастығының президенті және Driveforum белсенді демалыс пен саяхат халықаралық форумының ұйымдастырушысы Әбдуғали Әбдуәли айтты.
Ақпан айының басында Driveforum белсенді демалыс пен саяхат халықаралық форумының ұйымдастырушысы Әбдуғали Әбдуәли Петропавлда болды. Сонда СҚО-ның рестораторлар және қонақүйшілер қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзамен бірге облыс әкімдігі өкілдерімен кездесіп, керуеншілердің, джиптік және кемпингтік туризм әуесқойларының фестивалін өткізу туралы ұсыныс жасады.
Шара 2024 жылғы туристік маусымның ашылуы аясында өтеді деп күтілген болатын. Фестивальдің басты мақсаты – саяхатшыларға Солтүстік Қазақстан облысы сияқты жер барын көрсету. Қонақтарды Қазақстаннан ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясынан шақыру жоспарланды.
Алайда, өңірде орын алған күрделі су тасқыны жағдайына байланысты фестивальді кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды.
«Сіздердің жерлеріңізде жоспарлаған белсенді демалыс және саяхат фестивалі өткізілмейді. Мен барлық серіктестермен сөйлестім, жобаны келесі жылға қалдырамыз деп шештік. Бұл жағдайға барлығы түсіністікпен қарады. Әрине, көңілі түскендер болды. Біз бұл шешім қазіргі таңда өте дұрыс деп ойаймыз. Енді келесі жылға дайындаламыз. Қазақстанда да, көршілес елдерде де мүмкіндігінше танылу үшін осындай ауқымды жобаны жүзеге асырудың жаңа идеяларын өмірге әкелу керек деп ойлаймын», – деді Әбдуғали Әбдуәли.
Сондай-ақ, «Ката» қазақстандық автотуризм қауымдастығының президенті алдағы уақытта фестивальді жыл сайын өткізу үшін СҚО әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеу жоспарланып отырғанын атап өтті.