Қозыбаев университетінде болашақ педагогтар үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті
Жергілікті Қозыбаев университетінде биыл түлеп ұшатын жастар үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға өңірдің әртүрлі аудандарынан келген мектеп өкілдері қатысты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Біздің жәрмеңкеміздің мақсаты – студенттер үшін диалог алаңын құру. Жастар осы жерде бос жұмыс орындары туралы, жеңілдер жайлы, жасалатын жағдай турасында толығырақ біле алады. Мұнда түлектер тікелей сұрақтар қоя алады. Егер бұған дейін барлық жәрмеңке онлайн өткізілсе, биыл біз мұның бәрін офлайн форматта ұйымдастыруды ұйғардық”, – деді Қозыбаев университеті мансап және жұмысқа орналастыру орталығының әдіскері Нәзира Тасқалиева.
Мұндай жәрмеңкелер оқу жылы ішінде бірнеше рет өткізіледі. ЖОО басшылығы түлектерді жұмысқа орналастыруға көп көңіл бөледі.
“Мен Шал ақын ауданындағы Кеңес орта мектебінен келдім. Бізде мектепте кадр тапшылығы бар. Информатиктерді, ағылшын тілі мұғалімдерін, биологтарды, химиктерді ауылға шақырамыз. Бос орындары жәрмеңкесі СҚУ өтетінін естіп, осында жақсы мамандар табу үшін арнайы келдік”, – деді Кеңес орта мектебінің директоры Сырым Мұхамедин.