Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Олжас Бектенов: «Халықты сапалы әрі қымбат емес өнімдермен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі

Олжас Бектенов: «Халықты сапалы әрі қымбат емес өнімдермен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен көкөністер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі үш апта қатарынан төмендеп келеді. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасы, пияз, күнбағыс майы, ұн және басқа да өнімдер бойынша байқалып отыр.

Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының анағұрлым ауытқуына жол бермеу үшін Үкімет Өзбекстан және Тәжікстан жеткізушілерімен тікелей келісімшарт жасау мүмкіндіктерін алдын ала пысықтады. Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағыныстағы ұйымы – «QazTrade» АҚ өзбек және тәжік серіктестерімен тиісті шарттарға қол қойды.

Көкөністер Қазақстан нарығына «жасыл дәліз» арқылы және делдалдар мен алыпсатарларсыз тиімдірек бағамен жеткізілетін болады.

9 ӘКК-мен жалпы көлемі 4 мың тонна болатын импорттық көкөністерді, оның ішінде 2 060 тонна картоп пен 1 940 тонна пияз жеткізуге шарттар жасалды.

Жалпы алғанда, әкімдіктерге кемінде 18,6 мың тонна картоп, 7,2 мың тонна сәбіз және 5 мың тонна пиязға алдын ала келісімшарт жасау қажет. Қазіргі уақытта қолда бар қорлардан 81 мың тонна көлемінде көкөніс өнімдері пайдалануға берілді.

Министрлік жыл басынан бері мүдделі органдармен бірлесіп, тауарлық үстеме бағаны асырған 732 фактіні анықтап, 1 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды, 109 өнімсіз делдал алып тасталды.

Жалпы жыл басынан бері баға белгілеуге әсер ететін 2,5 мыңнан астам тізбекке талдау жасалып, сауда, салық және монополияға қарсы заңнамаларды бұзудың 800-ден астам тәуекелі анықталды. Барлық анықталған фактілер бойынша ақпарат жедел шара қолдану үшін уәкілетті органдарға жолданды.

Сауда министрлігіне бағаның өзгеруіне күн сайын талдау жүргізу, Ауыл шаруашылығы министрлігіне нарықты отандық өніммен сапалы әрі толық көлемде қамтып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы өңдеу көлемін арттыру жөніндегі барлық жоспарланған шараларды іске асыру жүктелді.

«Халықты сапалы әрі қымбат емес өнімдермен қамтамасыз ету – Үкімет пен жергілікті билік органдарының басты міндеттерінің бірі. Делдалдарсыз және бағаға қатысты алаяқтыққа жол бермейтін тікелей жеткізілім қажет. Әкімдер құқық қорғау органдарымен бірлесіп бұл мәселеде тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз етуге тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Shares