Отан қорғаушы күніне орай 6637 әскери бөлімінің 50 әскери қызметшісі құрметке бөленді
Облыстық филармония залына ҚР Ұлттық Ұланы 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жиылды. Олар Отан қорғаушы күніне орай салтанатты түрде құттықтау қабылдады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Салтанатты жиында 50 әскери қызметші құрмет грамоталарымен, төсбелгілермен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
“Мен 40 жастамын. Мерзімді әскери қызмет сарбаздарымен жұмыс істеймін. Біз оларға әскери қызметтің барлық негіздерін үйретеміз. Қызметке өмірімнің көп бөлігін арнадым. Мұнда адал достар таптым”, – деді ҚР ҰҰ 6637 ә/б 2-ші атқыштар ротасы взводының командирі Жанат Қасқырбаев.
6637 әскери бөлімінде 1000-ға жуық әскери қызметші қызмет атқарады.
“Бүгінгі шараға биылғы жылы ҚР ІІМ, ҚР ҰҰ Бас қолбасшысы, “Орталық” өңірлік қолбасшылығы, сондай-ақ облыс және қала әкімі атап өткен әскери қызметшілер шақырылды. Сондай-ақ аталған іс-шараға әскери бөлімнің ардагерлері, біздің әскери қызметшілердің отбасылары қатысып отыр”, – деді ҚР ҰҰ 6637 ә/б командирінің орынбасары Шухрат Әшімов.