СҚО-да ата-аналық міндеттерін орындамаған 107 адам жазаланды
Өңірде ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша 107 заңды өкіл жауапқа тартылды. Яғни, ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамаған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Денсаулыққа қауіп төнгендіктен қамқоршылық органдары 8 баланы іріктеп алды, ата-ана құқықтарынан айыру және шектеу туралы сотқа 7 талап арыз берілді, олар қаралуда. Балалар қандай да бір қиын өмірлік жағдайға тап болған 30 отбасы анықталды. 9 отбасының материалдық жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылданды, басқалары бойынша жұмыс жалғасуда”, – деді СҚО прокурорының аға көмекшісі Виктор Найда.
Мысалы, Ғ. Мүсірепов пен Тайынша ауданында аз қамтылған үш отбасына киім түрінде материалдық көмек көрсетілді. М. Жұмабаев пен Есіл ауданында 3 отбасына отын беру және жылу жүйесін жөндеу және т. б. түрде көмек көрсетілді.
Қадағалау органы балалардың құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда заңды өкілдер мен кәмелетке толмағандар облыс прокуратурасының 8-7152-36-03-83 сенім телефонына жүгіне алатынын хабарлайды.