Петропавлда тағы 959 үйді тексеру қажет
24 сәуірден, нақтырақ айтсақ, су кете бастаған күннен өңірімізде бүлінген мүлікті бағалайтын топтар құрылды. Оның құрамына лицензиялық ұйымдардың қызметкерлері, полиция өкілдері, қалалық әкімдіктің қызметкерлері кірді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Петропавлда 2 156 тұрғын үй су астында қалды. 14 мамырдағы жағдай бойынша 1 197 үй зерттелді, оның ішінде 537 үйге техқорытынды берілді. Алдын ала деректер бойынша 299 үй қалпына келтіруге жатады, ал 238 үй қалпына келтіруге жатпайды. Бүгінгі таңда 959 үйге тексеру жүргізу қажет. Қалалық әкімдік ТЖ шеңберінде 6 ұйыммен техникалық тексерулер жүргізуге шарттар жасасты. Бүлінген мүлікті бағалауды 7 ұйым жүргізеді. Сметалық есептерді жасау үшін 6 компания тартылды”, – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Жоғарыда аталған топтар меншік иесімен алдын ала байланысады, тексеру жүргізілетін күн мен уақыт туралы хабарлайды. Меншік иесі жеке куәлігін, үйдің техникалық паспортын, құқық белгілейтін құжаттарды және жер актісін дайындайды. Қажет болса, меншік иесінен өкіл сенімхат алуы керек. Қалпына келтіруге жатпайтын үйлердің тізімі апта сайын қалалық әкімдіктің ресми сайтындағы “Әртүрлі” бөлімінде жарияланады. Деректер түсуіне қарай жаңартылып отырады.
Егер мүлікке құжаттар болмаса, меншік иесі оларды ресімдеуі керек. Ол үшін қалалық әкімдіктегі 425 кабинетте түрлі мәселелер бойынша заң консультациясы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, 134 кабинетте сағат 14:30-дан 18:00-ге дейін адвокат тегін кеңес береді. Өз кезегінде нотариаттық палата халыққа кеңес беру үшін кезекші нотариусты ұсынады. Барлық сот рәсімдері жеделдетілген тәртіппен жүзеге асырылады.