«Қабырғалардың аман қалғанына шүкір»: Жексенбілік мектеп директоры су тасқынының салдары туралы айтты
Екі аптадан бері Әулие апостолдар Петр мен Павел соборын қалпына келтіруге қаражат жиналып жатыр. Бұған дейін QZ Media ұжымы жинақ жұмысының басталғаны және үш шіркеу үйі мен жексенбілік мектептің топан судан зардап шеккені туралы жазған болатын. Оның директоры Елена Витрук агенттік тілшісіне тағы бір жүгініп, 35 жылдық тарихы бар білім ошағына тасқынның келтірген шығыны туралы толығырақ айтып берді. Собор жанындағы жексенбілік мектепте 16 мұғалім жұмыс істеп, 65 оқушыға сабақ берген.
«Әрине, мұндай топан суды ешкім күтпеді. Біздің мектеп орналасқан жерді аса су баса қоймайтын. 2017 жылғы тәжірибеге сүйене отырып, біз өзімізді қауіпсіз аумақта деп санадық. Онда зардап шеккен жоқ едік. Мектеп мүлкі алдын ала жоғарыға көтеріліп, жиһаздар мен жабдықтар үстел мен орындықтарға қойылды. Құжаттаманы да сақтау үшін жоғары көтердік. Су бәрін құртты. Оның күші соншалық, фортепианоға дейін қираған. Бір гитара аман қалды. Сахнадан сән кеткен, жылу мен су құбырлары жарылған. Қабырғалардың аман қалғанына Құдайға шүкір дейміз», – деді Елена Витрук, Әулие апостолдар Петр мен Павел соборы жексенбілік мектебінің директоры.
Діни ғимарат жанындағы жексенбілік мектепте балалардың шығармашылық дамуына көп көңіл бөлінді. Балалар сурет салып, ән айтты, би биледі. Оқу орнында үш киім бөлмесі болды, олардың біреуінің ішіндегі заттар ғана сақталып қалды.
«Костюмдерді қалпына келтіруге болады. Жексенбілік мектептің қалыптасу тарихының бастауында тұрғандарға қатысты фотосуреттер, құжаттар мен жазбалар жойды, өкінішті. Бұл тарих. Біздің кітапханадан өте құнды кітаптар жоғалып кетті. Тасқын ештеңені де, ешкімді де аямайды. Мектеп ғимараты үш апта бойы жабық тұр, іштің бәрі көгерген, тыныс алу мүмкін болмады. Собор жұмысшыларының, жексенбілік мектеп мұғалімдерінің, ата-аналар мен ниет танытушылардың көмегімен мектепті қоқыстан босатып, бір нәрсені реттеуге кірістік. Әлі атқарылатын жұмыс көп. Мүмкіндігіміз шектеулі болып тұр. Бізге үлкен көмек пен қолдау қажет. Мектепте 10 жыл, соның ішінде екі жыл басшылық қызметте еңбек етемін. Балалар, ұстаздар, ата-аналар бір отбасы сияқты. Мектеп ішінде әрқашан ерекше атмосфера болды», – дейді Елена Витрук.