Ішкі істер министрлігі түлектер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады
25 мамырда еліміздің барлық мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаттары өткізіледі. Салтанатты іс-шаралар барысында полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдайтын болады. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі түлектер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
“Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша әрбір оқу орнына жауапты полиция қызметкері бекітілді. Патрульдік нарядтар іс-шаралар өткізілетін орындарға барынша жақын болады. Соңғы жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, мектептердегі “соңғы қоңыраулар” аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсатымен көптеген түлектер іс-шараларды өз бетінше жалғастырады. Өкінішке орай, жасөспірімдердің көлік тізгіндеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады. Өткен жылы мұндай фактілер Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласында орын алды”, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
ІІМ назар аударған тағы бір мәселе – ата-аналардың бақылауынсыз балалардың тыйым салынған жерлерде суға түсуі.
“Былтыр Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су айдындарының шомылуға жабдықталмаған жерлерінде жасөспірімдердің суға кету жағдайлары тіркелді. Осыны ескере отырып, ата-аналар мен түлектерді мінез-құлықтың қажетті нормалары мен ережелерін сақтауға шақырамыз. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 арнасына, ал төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 нөміріне хабарласуды сұраймыз”, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.