Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да сыра ішкен ауылдық округ әкімі жұмыстан шығарылуы мүмкін

СҚО-да сыра ішкен ауылдық округ әкімі жұмыстан шығарылуы мүмкін

Әдеп жөніндегі кеңесте Возвышен ауылдық округі әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. 2 мамыр күні Қанат Тоқпанов әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті бұзды. Соттың тиісті қаулысы бар. Шенеунік жұмыс уақытында қызметтік автокөлікті масаң күйде басқарған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Азамат көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаға тартылды. Тоқпановтан алған түсіндірмеге сәйкес, 2 мамыр күні сағат 14:00 шамасында “Екатеринбург-Алматы” автожолының 793 шақырымында жол қозғалысы ережелерін бұзған. Яғни, сыра ішіп, қызметтік автокөлікте масаң күйінде болған”, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті бақылау басқармасының бас маманы Абзал Оразымбетов.

Қанат Тоқпанов мемлекеттік қызмет туралы заңды, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзды. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелеріне айтуынша, ол сол күні ауыл мектебі директорының өтініші бойынша қайың көшеттерін алуға барған. Орманда аялдап қалады, күн ыстық болған, шенеунік шөлдейді, артынша сыпайы түрде ұсынылған сыраны ішеді.

“Мен сыра ішіп, ләззат алғым келмеді, тек шөлді басқым келді, ыстық болды. Түске таман ормандағы жұмыс аяқталды. Жолда патрульдік көлік тұрды. Мен олардың қасына өзім тоқтадым, “Көмек керек пе? Қирап қалдыңдар ма?” деп сұрадым. Олар бас тартты. Мен сыра ішкенімді ұмытып та кеттім. Айнаға қарасам, қызметкерлер тоқтатып жатыр екен. Сол сәтте сыра ішкенім есіме түсті”, – деді Қанат Тоқпанов.

Қанат Тоқпанов өз кінәсін мойындады. Шенеуніктің мол тәжірибесі бар. Возвышен ауылдық округінің әкімі лауазымына 2022 жылдың сәуір айында тағайындалған, ауыл тұрғындарының құрметіне ие.

“Қызметтік тергеу жүргізу кезеңінде Возвышен ауылдық округі тұрғындары тарапынан өтініштер түсті. Олар әкімдерін қолдауда. Халық оған оң көзбен қарайды. Бірақ мұнда этикалық стандарттарды өрескел бұзу орын алды. Жұмыстан босатуды кім қолдайды? Дауыс беруді ұсынамын”, – деді Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Дулат Тайшабай.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің біразы Қанат Тоқпановқа атқаратын қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Дулат Тайшабай өткен жылдың қыркүйек айында Ғабит Мүсірепов ауданындағы тағы бір ауылдық округ басшысы бойынша іс жүргізілгенін атап кетті. Сол кезде де әкім көлікте мас күйінде ұсталды. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мәселені қарады. Нәтижесінде әкімнің лауазымға сәйкес еместігі туралы ескерту беруді ұсынды.

Shares