Петропавлға арам оймен келген ақмолалық жігіттер қолға түсті
СҚО полицейлері Петропавлда көрші өңірдің қос тұрғынын ұстады. Олардан 1 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Оңай жолмен ақша табуды көздегендердің ісі 3 айдан аспады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Ақмола облысының 20 және 17 жастағы екі тұрғыны синтетикалық есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде дәл осындай мерзімде ғана жұмыс істеп үлгерген.
Полицейлердің ақпараты бойынша, жігіттер Петропавл қаласына аса ірі көлемдегі есірткі партиясын буып-түю үшін келіп отырған. Осылай кезекті рет келгенде жедел уәкілдер оларды Рижская көшесінде қолға түсірді.
Жеке-жеке тексеру және жалға алған пәтерлерін тінту кезінде 664 грамнан астам мефедрон мен түйіншектерге, пакеттерге, тіпті ыдысқа салынған 358 грамнан астам α-PvP есірткісі тәркіленіп алынды. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 1 келіден асты.
“Кәмелетке толмаған күдікті үйқамаққа алынды, ал үлкені күзетпен қамауға алынды. Екеуі де 15 жылға бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін”, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.