V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары демеушілерінің тізімі кеңейді
Қазақстан Республикасы Үкімет үйінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитеті мен «Halyk Bank» арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр және «Halyk Bank» АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қол қойды
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көшпелі өркениеттің мұрасын халқымыздың басты брендтерінің бірі деп атады. Бұл мұраны біз Астанадағы ойындар кезінде жаһандық деңгейде танытуымыз керек. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас серіктесі ретінде Қазақстанның қаржы саласының көшбасшысы — «Halyk Bank»-тің таңдалуы орынды”, – деді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйекте өтеді. Спорттың 21 түрін қамтыған жарысқа әлемнің 85 елінен 2 мыңнан аса спортшы қатысады.