СҚО-да полицейлер есірткі зертханасын жойды
\
Бірнеше тұлғаға тұсау салынды! ІІМ жедел іс-шаралардың нәтижесінде еліміздің төрт өңірінде синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті, – деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мамыр айында Өскемен қаласында жиһаз бизнесінің атын жамылып, синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған жергілікті тұрғын ұсталды. Ол қойманы жалға алып, жабдықтар мен химиялық заттар әкелген. Ұстау кезінде 1,5 кг жуық дайын есірткі, бір жарым тонна прекурсор, сондай-ақ зертханалық және буып-түюге арналған жабдықтар тәркіленді. Тексеруден кейін оның Қостанай, Петропавл қалалары және Алматы облысындағы ұқсас зертханалармен байланысы бар екені анықталды. Полиция қызметкерлері қылмыскерлердің қозғалыс маршруты және күн тәртібін бақылауда ұстады. Осылайша полицейлер бір мезетте бірқатар өңірде операция жүргізді.
“Рудный қаласында жалдамалы үйдің моншасын зертхана етіп жабдықтаған екі адам ұсталды. Алматы облысында мефедрон өндірісімен айналысқан тағы екі күдікті ұсталды. Осылайша, қала көшелеріне синтетикалық есірткінің 11 мыңға жуық дозасының таралуына тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 6 кг астам синтетика заңсыз айналымға жіберілмеді, 4 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді”, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.