Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда өткен жәрмеңкеге 20-дан астам жұмыс беруші қатысты

Петропавлда өткен жәрмеңкеге 20-дан астам жұмыс беруші қатысты

Оқушылар сарайында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оны Жастар ресурстық орталығының, сондай-ақ Қоғамдық даму және ақпарат орталығының өкілдері ұйымдастырды. 20-дан астам жұмыс беруші жоғары оқу орны мен колледж түлектеріне өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Біз әлі таңдау жасамаған, қайда жұмыс істейтіндерін білмейтін жастарға қамқорлық жасағымыз келеді. Бос орындар жәрмеңкесінде жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тұсаукесері де өтеді. Аудандардан келген ЖРО өкілдері ауылдық жерлерде жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтып береді”, – деді Петропавл қалалық ЖРО басшысы Дамир Әбдин.

Іс-шараға қаланың ірі жұмыс берушілері қатысты. Олардың қатарында “ЗИКСТО” АҚ да бар. Шаһардағы іргелі кәсіпорын жаңа мамандарды тартуға мүдделі.

“Колледждер мен ЖОО түлектерін біздің зауытқа шақырамыз. Бізде жас мамандарға тәлімгерлер тағайындалады. Біздің кәсіпорында 70-ке жуық бос жұмыс орны бар”, – деді “ЗИКСТО” АҚ кадрларды басқару бөлімінің басшысы Ирина Юшкайте.

Барлық қатысушыға еңбек нарығындағы маңызды бос орындар туралы брошюралар мен жадынамалар таратылды.

“Мен 18 жастамын, әртүрлі бағыттағы жұмыстарды қарастырамын. Қазір “ПетроМашЗавод” ЖШС-де тағылымдамадан өтіп жүрмін. Жасалған жағдай ұнайды. Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесіне басқа нұсқалармен танысу үшін келдім”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Роман Шрам.

Shares