СҚО-да тасқыннан зардап шеккендер су жаңа 47 үйге қоныстанды
“Бірлік” жаңа шағын ауданында тағы 47 үйдің кілттерін тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Топан судан зардап шеккендер аз уақыттың ішінде баспаналы болу үшін бұл үйлер қысқа мерзімде салынғанын білесіздер. Ел Президенті мені үйлердің сапасымен, құрылыспен танысуға жіберді. Менің ойымша, біз суық ауа райына дейін бәрін тұрғызамыз, осылайшыз өңірлерімізді тасқыннан қорғаймыз”, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Алғашқы 100 үй “Қазақстан халқына” қорының қаражатына салынды. Жаңа шағын ауданда әлі “Kaspi”, “Kazakhmys” және “KAZMinerals management” компанияларының қаражатына 600 үйдің құрылысы жалғасуда.
“Бүгінгі күн ұзақ уақыт есімде қалады, қатты толқып тұрмын. Мен осындай әдемі үйде тұратыныма өте қуаныштымын. Енді гүлдерге толы бақшам болады. Үй жарық, кең, ішінара жиһаздалған, кіріп, өмір сүруге мүмкіндік бар. Бізді қиын уақытта қалдырмаған мемлекетімізге алғыс айтамыз”, – деді “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны Ғалия Хамзина.
Солтүстікқазақстандық “ЗИКСТО” зауыты жаңа қоныстанушылар үшін тұрмыстық техника мен жиһаз сатып алды.
“22 жыл Ойқала ықшам ауданында тұрдық, әйелім екеуміз жеке үйге үйреніп қалғанбыз. Біртіндеп қоныстанамыз, жасалған жағдай керемет, зайыбым ас үйдің үлкендігіне қуанышты, ол тамақ дайындағанды ұнатады, ал аула – біздің ортақ қуанышымыз, серуендеуге, көркейтуге болатын жер бар. Бүгін арқамыздан жүк түсті, жаңа тұрғын үйге үйренеміз”, – деді “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны Александр Ошмаров.
500-ге жуық отбасы “Бірлік” шағын ауданында тұруға өтініш берді. Оның аумағында жайлылық үшін әлеуметтік нысандар салынуда. Атап айтсақ, балабақшаның құрылысы жүргізілуде, “Жайлы мектеп” ашылады.