Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Залалды өтеу жөніндегі комиссияға Петропавл қаласы бойынша 1,5 мың адам жүгінген

Залалды өтеу жөніндегі комиссияға Петропавл қаласы бойынша 1,5 мың адам жүгінген

Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу жөніндегі қоғамдық комиссия өз жұмысын жалғастыруда. Оның құрамына күн сайын 100-ге жуық азаматты қабылдайтын 11 адам кіреді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Біз арқылы 1,5 мыңнан астам адам өтті. Күн сайын 100-ге жуық адамды қабылдаймыз, кейде одан да көп болады. Кейбір жандар тұрмыстық заттар, жиһаз бен электроника үшін берілетін төлем мөлшеріне наразы. Біз жағдайды жан-жақты түсіндіреміз. Бұл жерде бағалау комиссиясының жұмысы түсіндіріледі, бірақ біз олардың жұмысына әсер ете алмаймыз. Біздің комиссияда заңгерлер, блогерлер бар, бірлескен түрде жұмыс істейміз. Қоса кетейін, Петропавлда су тасқыны кезінде 2 мыңға жуық үйге су кірді”, – деді залалды өтеу жөніндегі қоғамдық комиссияның мүшесі Иманғали Татваев.

Найля Денисова 150 АЕК көлемінде төлем алуы керек. Заречный кентінің тұрғынына бұл ақша су тасқыны кезінде бүлінген мүлік үшін беріледі.

“Бүгін өзіме тиісті төлемді алу үшін келдім. Әкімдік бізді қолдайды. Сол үшін қуаныштымын. Тұрғын үйіміз толығымен су астында қалды, үйді қалпына келтіру мүмкін емес. Ол жерде 43 жыл өмір сүрдік, сондықтан мұндай жаңалықты қабылдау қиын болды. Мен 100 АЕК алдым, өте тез берілді”, – деді Заречный кентінің тұрғыны Найля Денисова.

Shares