Бояулар фестивалі,” Qyzyljar Music Fest”, “Domino” тобының әншашуы: Петропавлда қала күні қалай атап өтіледі
14 шілде күні петропавлдықтар мен облыс орталығының қонақтары дәстүрлі қала күнін атап өтеді. Ерекше думан сенбіде – 13 күні басталады. Жергілікті әкімді өкілдері, белсенділер мен өнерпаздар бір жеңнен қол шығарды. Олар жалпақ жұрты қуанту үшін жан-жақты ойын-сауық бағдарламасын дайындады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
13 шілде күні қаланың басты алаңында 14:00-ден 17:00-ге дейін “Qyzyljar Music Fest” III Халықаралық фестивалі өтеді. Биыл оның алғашқы күні би өнеріне арналады – 5 ұжымның әртістері өнер көрсетеді. Сонымен қатар, 13-ші күні “Qyzyljar Music Fest” бағдарламасы аясында 19:00-ден 22:00-ге дейін отандық әншілер өнер көрсететін классикалық музыка кеші өтеді. Қонақтар арасында Аргентина мен Италиядан келетін вокал шеберлері болады.
14 шілдеде орталық алаңда 10:30-дан 14:00-ге дейін “Менің сүйікті қалам” атты интерактивті алаңы ашылады. Қала күніне арналған мерекенің кішкентай қонақтары үшін түрлі ойын-сауықтар, соның ішінде әртүрлі шеберханалар мен спорттық ойындар ұсынылады. Сол күні Петропавл аруы-2024 шарасы өтіп, кішкентай сұлудың аты да белгілі болады. “Qyzyljar” арт-орталығында 10:00-ден 14:00-ге дейін қалалық қаламгерлердің қатысуымен поэзия өкілдері үшін ойын-сауық бағдарламасы өтеді. 3-ші емхананың жанындағы алаңда 11:00-ден 12:30-ға дейін концерт те болады. Концертті “Бірлік” шағын ауданының тұрғындары да тамашалай алады. Олар үшін 11:20-дан 13:00-ге дейін жеке концерттік бағдарлама ұсынылады. “Береке” шағын ауданында да думан болады, бірақ сахна саңлақтары 12:20-дан 14:00-ге дейін өнер көрсетеді.
15:00-ден 17:00-ге дейін С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында “Жүрек әні – QYZYLJAR” атты облыстық байқау аясында ұжымдар арасындағы көркемөнерпаздардың Гала-концерті өтеді. Қаланың басты алаңында 12:00-ден 14:30-ға дейін Ақан Сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы шығармашылық ұжымдарының “САЗДЫ СӘЛЕМ” атты концерттік бағдарламасы ұсынылады. Сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін дойбы, шахмат және ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтеді. Ал 19:00-ден 20:30-ға дейін облыс әкімдігінің алдында “Сүйікті қалам” атты ауқымды концерт өтеді. 20:30-дан 22:00-ге дейін қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен кешкі музыкалық бағдарлама басталады.
Ал “Солтүстік жұлдызы” саябағында 8:00-ден 11:00-ге дейін триатлоннан қала чемпионаты өтеді. 16.00-ден 19.00-ге дейін Пестрое көлінің жағасында әуесқой командалар арасында қалалық деңгейдегі волейбол және футбол турнирлері ұйымдастырылмақ. Сол жерде 16:00-ден 22:00-ге дейін “Жас қала” атты бояулар шоуы болады .