Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО ТЖД балаларын су айдындарының маңында қараусыз қалдырған ата-аналарға әкімшілік хаттама толтырады

СҚО ТЖД балаларын су айдындарының маңында қараусыз қалдырған ата-аналарға әкімшілік хаттама толтырады

Күн шуағын төгіп тұрғанына бірнеше күннің жүзі болды. Қазір өзен-көлдерде демалған адам санында есеп жоқ. Жағалауларда кішкентай ұл-қыздарды да кездестіруге болады. Бұл ретте солтүстікқазақстандық құтқарушылар оқыс оқиғаның алдын алу үшін жаңа әдіске көшті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Жазғы демалыс алдында педагогикалық ұжымдар СҚО ТЖД қызметкерлерімен бірлесе отырып, барлық мектепте оқушылармен профилактикалық әңгімелесулер жүргізді. Оқушыларға суда демалу кезінде әр адам өзін қалай ұстау керектігі жан-жақты айтылды. Ата-аналар да балаларына қажетті нұсқаулар береді. Ресми суға түсу орындарында құтқарушылар кезекшілік етеді.

Рұқсат етілмеген су айдындарында жағдай мүлде басқаша. Оларда СҚО ТЖД қызметкерлері рейд ұйымдастырады. Ыстық күндері мұндай жерлерде ересектерді де, балаларды да кездестіруге болады. Тексеру барысында құтқарушылар кәмелетке толмағандарды өзен-көлдердің жанында қараусыз қалдырған ата-аналарға қатысты 6 әкімшілік хаттама толтырды.

Рұқсат етілмеген жерде шомылу қайғылы оқиғаға алып келуі әбден мүмкін. СҚО ТЖД хабарлауынша, 14 маусым күні өңірімізде орны толмас қаза орын алды. 10 жасар бала суға батып кетті. Сонымен қатар, жаздың алғашқы айында Тайынша ауданында кәмелетке толмаған екі бала су құрбаны болды. Көп ұзамай Қызылжар ауданында тағы екі бала ажал құшты. Оқиғаның себептері анықталмады, деп түсіндірді бейінді ведомство өкілдері. Олар құтқарушылар 520 баланы жүзуге үйреткенін де айтты. Төтенше жағдайлар қызметкерлері биылғы жазда өзен-көлдерде уақыт өткізген кәмелетке толмаған балаларды құтқаруға әзірге мәжбүр болған жоқ.

Shares