Мектеп асханасына мониторинг жүргізілді
«AMANAT» партиясы СҚОФ жанынан жаңа оқу жылы қарсаңында құрылған балалардың тамақтануын ұйымдастыруды бақылау жөніндегі жұмыс тобы Жұмысшы кентіндегі №44 орта мектепте болды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бүгінде аталған білім ошағында 530 оқушы білім алады. Оның ішінде мектепалды даярлық сыныбы да бар. Жалпы мектеп асханасы 80 орынға арналған. Бастауышта 204 бала оқиды. Барлығы дерлік тегін тамақпен қамтылған. 17-сі жалпыға бірдей білім беру қорынан тамақтанады. Ал орта және аға буында 23 бала ақысыз тамақ ішеді.
№44 орта мектебі мен кәсіпкер арасында мемлекеттік жекеменшік әріптестік шарты 2019 жылы жасалған. Жеке кәсіпкер жобаны жүзеге асыруға 2,7 миллион теңгені қарастырды.
Бұл қаражатқа мектеп асханасы жөнделіп, тиісті жабдықтар сатып алынды. Оқу жылы басталғанға дейін кәсіпкер ас блогының қабырғаларына жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Мектеп қызметкерлері мен ата-аналар арасында асхана жұмысына шағым болған жоқ.
Жалпы, жұмыс тобы тексеріс барысында бірнеше проблеманы анықтады. Белгілі болғандай, штатта бейінді медицина мамандары жоқ. Олар тағамдардың калькуляциясын, ингредиенттерін, нәрлілігін есептей отырып, Қазақстан Республикасы бойынша беліленген ас мәзірін әзірлеуі тиіс.
Жоғарыда аталған ұсыныстар Партиялық бақылау комитетінің отырысында қарау үшін Партияның орталық аппаратына жіберілетін болды.