СҚО-да пайдасы мол түнгі рейд өтіп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында көлік жүргізушілерін тексеруге арналған түнгі тексеру күшейді. Шарада полицейлер мен дәрігерлер шаршаудан туындаған жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту үшін жүргізушілердің денсаулығын тексереді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі
Жыл басынан бері СҚО жолдарында 231 жол апаты тіркелді, соның салдарынан 21 адам қаза тауып, 315 адам жарақат алды. Талдау көрсеткендей, ЖКО себептерінің бірі – автокөлікті басқару кезінде жүргізушілердің ұйқысы мен шаршауы.
“Осыған байланысты СҚО ПД патрульдік полиция батальоны облыстық жедел медициналық көмек орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, іс-шаралар жүргізуде, оның шеңберінде біз көлік құралдарын, атап айтқанда түнгі уақытта трассаларға шығатын транзиттік ауыр жүк көліктерін тоқтатамыз. Біз жүргізушілердің денсаулығын тексереміз: қан қысымы, шаршау, ұйқышылдық, сондай-ақ жүргізушілердің алғашқы медициналық көмек жинағында медициналық препараттардың болуы назарға алынады”,- деп атап өтті СҚО ПД ППБ командирінің орынбасары Руслан Кучумов.
Медицина қызметкерлерінің жүргізушілерге айтары бар. Мамандар адамдарға көлікті демалып басқаруды ұсынады. Жол қателікті кешірмейтінін барлық тәжірибелі жүргізуші біледі және орындайды. Полиция қызметкерлері ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері мен велосипедшілерге, жаяу жүргіншілерге жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді.