Зәуре Қартова: “2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғаны маңызды деп санаймын”
Қозыбаев университетінің оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын тыңдады. Жолдаудың бесінші бағдары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру маңыздылығына арналған, деп хабарлайды QZ News тілшісі ЖОО-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында біздің еліміздің экономикалық әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарына тоқталды. Бұл – өте маңызды саяси оқиға. Өйткені жыл сайын біз іске асырылған жұмыстарға тоқталып, алдымызда тұрған мақсаттарға назар аударуымыз қажет. Колледжден кейін келген білім алушылар 2 жыл ғана оқып, жоғары білім алады – бұл бір бағыт, екінші бағыт – кәсіптік бағдар беру. Колледждердегі материалдық база жоғары деңгейде. Сондықтан осы 5 жылдың ішінде біз жеткілікті жұмысшы мамандарын даярладық. 2025 жыл – Жұмысшы мамандар жылы болып жарияланғаны да маңызды деп санаймын»,- деді Тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Зәуре Қартова
Жолдауда Мемлекет басшысы негізгі міндеттердің бірі – экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды дамыту екенін де атап өтті.
“Менің агроном және эколог мамандықтарына оқитын достарым бар. Олармен кездесіп, қаланы қоқыстан тазарту және көгалдандыру бойынша сенбіліктер өткізу жайын талқылау керек деп ойлаймын”, – деді студенттік омбудсмен Карима Жүнісова.