Білім күні: СҚО-да бірінші сыныпқа 7300 астам оқушы барды
1 қыркүйек күні Солтүстік Қазақстан облысындағы 460 мектепте жаңа оқу жылына байланысты салтанатты шара өтті. Биыл өңірдегі білім ұялары 75 мыңнан астам оқушыға есіктерін айқара ашты, деп хабарлайды QZ News тілшісі. Соның 7300 астамы жүректері лүпілдеп бірінші сыныпқа барды.
Білім күні – бұл жаңашылдықтар, жетістіктер күні ғана емес, әр оқушы үшін жеңіс мерекесі. Облыста білім беру мекемелері өз оқушылары мен бірінші сынып оқушыларын қабылдауға жаз бойы дайындалды. Облыстың әрбір мектебі өз шәкірттерін жаңартылған, таза, жарық нысанда қарсы алады.
Салтанатты жиын Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында да өтті. Ол 1935 жылы ашылған. Оқу орны 2025 жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Гимназия заманауи құрал-жабдықтармен және кабинеттермен жабдықталған.
Биыл гимназия 24 бірінші сынып оқушысын қабылдап отыр. Олар үшін өмірлерінде алғаш рет мектеп қоңырауы соғылды. Айта кету керек, мекеме үш жыл қатарынан Ұлттық бірыңғай тестілеуде 102-ден жоғары орташа ұпай жинап жүр. Бұл – облыс мектептері бойынша ең жоғары көрсеткіш. Мектеп түлектерінің 90 пайызы жоғары оқу орындарының гранттарын жеңіп алады. Сондай-ақ, бұл – олимпиада нәтижелері бойынша “Қазақстанның үздік 100 білім беру ұйымы” қатарына енген беделді оқу орны.
Оқушыларды СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова құттықтады.
“Сіздер үшін өмірлеріңіздегі ең қызықты сәттердің бірі басталады. Бұл күн жаңалықтарға толы, жеңістеріңізбен мақтанатын және жаңа білім алудан қуаныш келетін ғажайып әлемге есік ашады. Ал он бірінші сынып оқушылары үшін – олардың өз мектептеріндегі соңғы жылы.Ата-аналар үшін бұл отбасындағы оқуға қатысты маңызды мәселелердің уақыты келген ерекше күн. Өздерінің мектепте өткізген жылдарын сағынышпен еске алатын күн. Баршаңызды құттықтаймын. Сіздерге шыдамдылық пен түсіністік тілеймін. Балаларыңыз сіздерді күн сайын жетістіктерімен қуантсын.Жаңа оқу жылы жемісті еңбекке толы болып, жаңа жаңалықтардың қуанышын әкелсін”,- деді Айнагүл Сұрағанова.
Құттықтаулардан кейін бірінші сынып оқушылары шығармашылық өнер көрсетті – балалар өлең оқып, әндер шырқады.