Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл белсенділері ескерткіштерді жуып, Жеңіс саябағын қоқыстан тазалады

Петропавл белсенділері ескерткіштерді жуып, Жеңіс саябағын қоқыстан тазалады

Петропавлдағы Жеңіс саябағында “Таза бейсенбі” акциясы өтті. 45-ке жуық адам, олардың арасында қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, “Жасыл Ел” жастар жасағының өкілдері мен партия белсенділері қоқыс жинап, ескерткіштерді жуды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“Таза бейсенбі” шарасын “AMANAT” партиясы осы жылдың маусым айынан бастап жүзеге асырып келеді. Бұрын белсенділер өзендер мен көлдердің жағалауларында жиналып, аумақтарды қоқыстардан тазартатын. Бүгін таңдау қаланың ерекше орындарының бірі – Жеңіс саябағына түсті. Аманатшылар мұндай жерлер әрқашан таза және тәртіпке сай болуы керек деп санайды.

“Біздің халқымыздың ұстанымы – таза өмір сүру, табиғатты қорғау, оған жанды организм ретінде қарау. Біз бұл дәстүрді жастарға жеткізуіміз керек. Жеңіс саябағы – біз үшін қасиетті орын, мұнда Ұлы Отан соғысының қатысушыларын құрметтейміз. Біздің міндетіміз – төңіректі әдемі әрі жайлы ету”, – деп атап өтті қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.

“Таза бейсенбі” акциясы Петропавлда және барлық ауданда маусым айынан бастап өтіп жатыр. Оған айналаға бейжай қарамайтын адамдар қатысады. Бұған дейін белсенділер 100 тоннаға жуық қоқыс жинады.

Shares