Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » “Қызылжар су” ЖШС жыл соңына дейін су құбыры желілерін жөндеуге 332 млн теңгеден астам қаражат жұмсайды

“Қызылжар су” ЖШС жыл соңына дейін су құбыры желілерін жөндеуге 332 млн теңгеден астам қаражат жұмсайды

Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаменті кезекті баспасөз турын ұйымдастырды. Онда «Қызылжар су» ЖШС өкілдері инвестициялық бағдарламаның орындалу барысы мен жөндеу қорын дамыту туралы айтып берді. Анықталғандай, алғашқы жартыжылдықта мекеме 87,5 млн теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

«Міндетті түрде айта кету керек, 2024 жылдың 1-ші жартыжылдығында қысқы кезең тұрақты, қалыпты өтуі қамтамасыз етілді. Бірақ, қардың көп еруімен, одан кейін ірі су тасқынымен биылғы жылы кәсіпорын нысандарына үлкен зиян келді. Нысандардың бір бөлігі әкімдік қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізіледі»,- деп хабарлады «Қызылжар су» өкілдері.

Кәсіпорынның бекітілген инвестициялық бағдарламасына сәйкес 2024 жылға 409 млн теңге сомасына инвестициялар жоспарланған. Ал 2024 жылдың 8 айында өз қаражаты есебінен 202 млн теңге сомасына 7 км желіге күрделі жөндеу жүргізілді.

«Қазіргі уақытта диаметрі 225 мм құрайтын су құбыры ауыстырылып жатыр. Ол Лесная-Б.Баян, 30 және Лесная, 3А аралығын қамтиды. Ұзындығы 275 метрді құрайды. Бағытталатын ақша – 10 млн теңге. Сонымен қатар, Алматы көшесі, 11 мекенжайы бойынша тартылған кәріз желісі диаметрі 225 мм құрайтын жаңасына ауыстырылуда. Ұзындығы 90 метр болса, жұмысқа 4 млн теңге кетеді. Су құбыры және кәріз желісінің бұл учаскелері апаттылығы жоғары қызмет көрсетудің маңызды деңгейіне ие”, – делінген “Қызылжар су” ЖШС хабарламасында.

Кәсіпорынның мәліметінше, желілерді күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, жыл соңына дейін шамамен тағы 207 млн теңге игерілетін болады. Сонда желілерді күрделі жөндеу бойынша жұмыстардың жалпы сомасы жылына 332,5 млн теңгені құрайды. Аталған іс-шаралар 2024 жылы су құбыры бойынша желілердің тозуын 2,4%-ға және кәріз бойынша 0,5%-дейін төмендетуге мүмкіндік берді, ғимараттар мен жабдықтардың тозуын азайтуды ескере отырып, жалпы сумен жабдықтау бойынша тозу – 54%, ал кәріз бойынша 61,5% құрайтынына көз жетті.

Shares