Петропавлда 35-ке жуық жұмыс беруші бос орындар жәрмеңкесіне қатысты
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қабырғасында облыстық деңгейдегі бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған жұмыс іздеп жүрген азаматтар, сондай-ақ қалалық мансап орталығының мамандары шақырған Петропавл колледждерінің студенттері қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Өнер ордасының бірінші қабатында Солтүстік Қазақстан облысында дайындалған өнімдер көрмесі орналасқан, ал екінші қабатта жұмыс берушілер жұмысқа орналасуға қызығушылық танытқандармен әңгімелесті.
“Бізге қарапайым жұмысшылар, слесарь-сантехниктер, құрылыс учаскесінің шеберлері, газ-электр дәнекерлеушілер қажет. Барлығы 10 бос жұмыс орнын ұсынамыз. Жұмыс кестесі – алты күндік, жексенбі – демалыс. Жалақы 200 мыңнан басталады”, – деді “Альфа-Север” ЖШС-нің менеджері Светлана Шаталова.
Жәрмеңкеге 35 жұмыс беруші қатысты. Олар негізінен қалалық компаниялардың атынан келді.
“Өндіріс операторларын іздейміз. Бізге түрлі бейіндегі операторлар, талдаушылар, мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджерлер қажет, шикізатты қайталама сатып алу менеджерін де қатарға қосқымыз келеді. Біздің қызметкерлер мансаптық баспалдақпен ілгерілей алады, бәрі дағдылары мен тәжірибесіне байланысты. Біз өз мамандарымызға қамқорлық көрсетіп, оларға қолайлы еңбек жағдайларын жасаймыз. Бізде қызметтік көлік бар”, – деді “Радуга” ЖШС менеджері Қымбат Нұрышева.