Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда өткен жәрмеңкеде 100-ден астам тауар өндіруші өз өнімдерін саудалады

Петропавлда өткен жәрмеңкеде 100-ден астам тауар өндіруші өз өнімдерін саудалады

Петропавлда аудандар мен Петропавл қаласының тауар өндірушілерінің қатысуымен күзгі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтуде. СҚО-да дайындалған өнімдері бар шатырлар М. Жұмабаев көшесінде бой көтерді. Жәрмеңке сағат 16:00 дейін жалғасады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“Бүгін 100-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынып отыр. Жәрмеңке біздің кәсіпкерлер жұмысының өзіндік нәтижесі деуге болады. Бұл жолы оны Республика күніне арнадық. Барлық өнімнің бағасы нарықтағыдан 15-20% төмен. Бүгін «Зенченко и К» КТ, «Масло-Дел» ЖШС, «Пальчик» ЖК өнімдерін қоса алғанда, сүт өнімдері өте көп. «ҚазЕтӨнім» ЖШС, «ЕМС агро» ЖШС және басқа да өндірушілер ет өнімдерін әкелді. «Сұлтан ЭММК» ЖШС, «Хикмет ЛТД» ЖШС ұн мен макарон өнімдерін сатуға қойды, аталған тауар түрлерін өзге де іскер жандар жеткізді.«Якорь құс фабрикасы» ЖШС жұмыртқа сатады, олардың ассортименті өте үлкен. Жалпы өнім көлемі 1207 тоннаны құрады”, – деді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов.

Жәрмеңкеде ет пен шұжық өнімдері зор сұранысқа ие болды. Қала тұрғындары ауданнан әкелінген өнімдер үшін кезекке тұрды. Жылқы етінің килограмы 2700 теңгеден сатылады, ал сиыр етінің орташа бағасы 2100 теңгені құрады. Жәрмеңкеде көкөніс өнімдері мен картоп та сатылды. Бал өндірушілер келген, олар өз сөрелеріне 4,5 тонна өнім қойды.

“Менің күйеуім 22 жылдан бері ара шаруашылығымен айналысып келеді. Омартада араның 160 жанұясы бар, 4 түрлі бал жинаймыз. Бұл – акация, күнбағыс, шалғынды әртүрлі шөптен, қарақұмықтан алынған бал. Жәрмеңкеде 200 келіге жуық бал сатуды жоспарлап отырмыз. Бәсекелестік бар, бірақ біздің балды жақсы алады. Өнімнің бір килограмы 2 мың теңге тұрады”, – деді Қызылжар ауданындағы “Кабакова” ЖК өкілі Елена Кабакова.

Жәрмеңкеден көптеген тәттілерді де табуға болады. М.Жұмабаев ауданының 15 жасар оқушысы Жанель Айтжанова сатуға өзі жасаған десер әкелген. Өнімнің пайдасы мол.

“Мен балаларға арналған кұрт жасадым. Ол тәтті, негізі – айран. Ваниль, құлпынай, карамель дәмдері бар. Осындай өнімді жасау үшін маған және химия пәнінің мұғаліміне бір жарым жыл керек болды. Біз өзіміздің құртымызды зерттеу үшін Оңтүстік Қазақстанда болдық. “Зенченко және К” КТ базасында талдау жүргіздік”, – деді М.Жұмабаева ауданынан келген пайдалы десерт жасаушы Жанель Айтжанова.

Жәрмеңке ассортиментімен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Айтпақшы, Жұмысшы кентінде де сауда ұйымдастырылды. Онда ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-азық сатылды.

Shares