Облыс орталығында ерлі-зайыпты мен олардың ұлын өлтіргендерге қатысты үкім шықты
28 қазан күні Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сергей Емельянов, Данил Орлов және Ирина Скоробогатоваға қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды. Оларға ерлі-зайыпты мен олардың кәмелетке толмаған ұлын өлтіру, сондай-ақ қылмыс туралы хабарламау айыбы тағылды. Бұл іске қатысқандар жерлеу рәсімі бизнесі саласында жұмыс істеген, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Оқиғаны баян етейік. 2023 жылғы желтоқсанның соңында айыпталушылар Емельянов пен Орлов алдын ала сөз байласып, жәбірленуші Приходченконың үйіне кіреді. Олар 1,8 млн теңгенің зергерлік бұйымдарын және 90 мың теңгеден астам ақшаны қолды қылады. Сол арқылы ірі залал келтіреді. Осы әрекеттерге куә болған 17 жастағы баланы қылмыскерлер тамағын кесіп өлтірген. Көп ұзамай үйге бозбаланың ата-анасы келеді. Қаскөйлер оларды да өлтіреді.
“Үшінші сотталушы Скоробогатова отбасының өлтірілгенін анық біліп, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған. Прокурорлар, жәбірленушілер және олардың өкілі Емельянов пен Орловты кінәлі деп танып, оларға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Скоробогатованы да кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады. Емельянов пен Орлов кінәні жартылай мойындады, Скоробогатова кінәсін мойындамады және өзін ақтауды өтінді. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың жас балаларының болуына назар аударды. Қылмыстық жауапкершілікті және жазаны жеңілдету кезінде осы жайт назарға алынды”, – деп атап өтті СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Бекқожинов.
Сот Емельянов пен Орловтың жасаған әрекеттерін ҚР ҚК 191-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша, 99-бабы 2-бөлігінің 1,7,10,13,14-тармақтары бойынша «Тонау және ауыр жағдайда кісі өлтіру» деп саралады. Сот Емельяновты өмір бойы бас бостандығынан айырды, Орлов 21 жыл 8 ай түрмеде отырады. Скоробогатованың әрекеттері ҚР ҚК-нің 434-бабы «Жасалған аса ауыр қылмыс туралы хабарламау» бойынша қаралды. Сот айыпталушыны үш жылға бас бостандығынан айырды. Көпті күттірген үкім заңды күшіне енген жоқ.
“Скоробогатова бойынша сотқа жеткілікті дәлелдер ұсынылмады. Яғни, оның Емельянов пен Орловты адамдарды өлтіруге итермелегені туралы толық дерек жоқ. Сот оның әрекеттерінен айыпталған қылмысты көрген жоқ, сондықтан бап қайта сараланды”, – деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Бекқожинов.