Петропавлда «Digitalnomad» хакатоны: 100-ден астам қатысушы 350 мың теңгелік жүлде үшін күресуде
Петропавлдағы Қозыбаев университеті қабырғасында екі күндік «Digitalnomad» хакатоны басталды. Оған 100-ден астам адам қатысуда. Олардың арасында ЖОО-ның, колледждің студенттері мен мектеп оқушылары бар, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Қатысушылардың жасы 14 пен 35 жас аралығын құрайды, кейбіреулері онлайн режимде қатысуда. Мұнда іс-шараларды хабарландыру, оқиғаларды жария ету үшін «Менің қалам» қосымшасын жасау міндеті тұр. Іс-шараны «СҚО жастар мәслихаты» бірлестігі ұйымдастырды, облыс әкімдігі қатты қолдайды. Хакатонды бесінші жыл өткізіп келеміз. Қатысушыларға 36 сағат берілген, жұмыс тәулік бойы жүруде. Барлығы 3-5 адамнан тұратын командаларға бөлді. Балалар ұсынуға және пайдалануға болатын нақты қосымша жасап жатыр”, – деді “Digitalnomad” хакатонын ұйымдастырушы Иван Бухонин.
Хакатонның жүлде қоры 350 мың теңгені құрайды. Бұдан басқа, ең мықты қатысушылар цифрлық дипломдармен марапатталады.