СҚО-да 1000-нан астам оқушы АПВ-ға қарсы екпе алды
Солтүстік Қазақстан облысында адам папилломасы вирусына қарсы екпе егу барысы жайлы тікелей эфир кезінде СҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов айтып берді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Вакцинация ата-аналардың немесе заңды өкілдердің жазбаша келісімінен кейін жүргізіледі. Вакцина біздің қолда бар, ол білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде немесе адамның тіркелген жері бойынша емханаларда тегін негізде егіледі. ҚР-да 55 мыңнан астам адам егілді, ал СҚО-да 1000-нан астам адам вакция қабылдады. Олардың 447-сі – 11 жастағы қыздар, 559-ы – 12-13 жастағы қыздар. Басты айтпағым, иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністер тіркелген жоқ. Жатыр мойны обыры таралу көрсеткіші бойынша әйелдер арасында екінші орында тұр. Мұндай диагноз биыл 45 солтүстікқазақстандықта анықталды”, – деді Арман Күшбасов.
Еске сала кетейік, қазан айының басынан бері республикада 11 жастағы оқушыларды мойын обырының негізгі қоздырғышы болып табылатын АПВ-ға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 12-ден 13 жасқа дейінгі қыздарды иммундау жұмысы жүргізіледі.