Петропавлда жүргізушілер өрт сөндіру көліктеріне жол бере ме, жоқ па?
СҚО-да «Өрт сөндіру автокөліктеріне жол бер» атты алдын алу іс-шарасы өткізілді. Басты мақсат – арнайы қызмет автомобильдерінің жүруі кезінде жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Шараға СҚО ТЖД және Полиция департаментінің қызметкерлері қатысты. Автокөліктердің жүргізушілері көшелерде шамшырақтар мен дыбыс сиренасы қосылған өрт сөндіру техникасына жол бермеді. Рейд қорытындысы бойынша осындай 10-нан астам бұзушылық анықталды.
«Жүргізушілердің құлағына алтын сырға! Жол бойында арнайы дыбыс сиренасы қосылған және көк пен (немесе) қызыл түсті жарқылдауық маяктары бар көлік құралының қозғалысы шектелмеуі тиіс. Егер тиісті жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда ҚР ЖҚЕ-нің 6.2-тармағына және ӘҚБтК-нің 598-бабының 1-бөлігіне сәйкес 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу көзделген», – деп хабарлайды СҚО ТЖД.
Өз кезегінде құтқарушылар жол қозғалысы ережелерінің өрт сөндіру және басқа да арнайы техниканың жүріп өтуіне қатысты талаптарына тағы да назар аударады:
• көрсетілген арнайы сигналдары бар көлік құралы жақындаған кезде жүргізушілер КҚ кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін жол беруге міндетті.
• көрсетілген көлік құралын басып озуға тыйым салынады.
• көк түсті жарқылдауық маягі бар көлік тұрып, соған жақындағанда, жүргізуші қажет болған жағдайда дереу тоқтау үшін жылдамдықты азайтуы тиіс.
• тұрақ немесе тұрақ үшін орын таңдаған кезде арнайы техниканың келуі үшін бос орын қалдыруды ұмытпаңыз.