Петропавлда кәмелетке толмағандар сауда орталығынан 2 миллион теңгеден астам ақша ұрлаған
Петропавлда облыс орталығы прокуратурасының өкілдері кәмелетке толмағандар арасындағы профилактика жөнінде жалпықалалық ата-аналар жиналысын өткізді. Оған 30-ға жуық мектеп әкімшілігінің өкілдері, мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналары қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«2024 жылы қалада кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 22 дерегі тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл статистикада өсім байқалады. 13 пен 15 жас аралығындағы 4 және 23 мектеп оқушылары арасында төбелес болды. Зардап шеккендердің бірі мүгедек бала. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып тоқтатылды, себебі күдіктілер 16 жасқа толмаған», – дейді Петропавл қаласының прокуроры Тыныбек Сапаров.
Кәмелетке толмағандар төбелесті видеоға түсіріп алған. Ол түсірілім мектеп оқушылары арасында тез тарап кеткен. Ағымдағы жылдың мамыр айында Петропавлда мектеп оқушысы жасы үлкен жігітті пышақпен жаралаған.
«№44 орта мектептің оқушысы 19 жастағы жасөспірімді мектепке іргелес аумақта, атап айтқанда қазандықтың артында пышақтап кеткен. 11-сынып оқушысы мектепке ерекше режимдегі арнайы мектептен келіп, сынақ мерзімінде болып, 22 тамызда үш жылға бас бостандығынан айырылды», — деді Тыныбек Сапаров.
Кейбір кәмелетке толмағандар қатыгездіктен емес, тез, заңсыз ақша табу үшін қылмыс жасайды.
«Ақпан айында №24 мектептің оқушысы кәмелетке толмаған колледж студенттерімен бірлесіп «Dostyq Mall» сауда орталығындағы банкоматтан 2,6 млн теңге көлемінде ақша ұрлаған», — дейді Петропавл қаласының прокуроры.