Петропавл ауруханасында 9 жастағы қыз ОС ардагерінің халін білді

20 сәуір күні облыс орталығындағы бір қиылыста 99 жастағы Отан соғысының ардагері Василий Васильевич Макиенкомен байланысты жағдай орын алды, деп хабарлайды QZ News.
Зейнеткер мен қала мектептерінің бірінің 9 жасар оқушысы бағдаршамның жаяу жүргіншілерге рұқсат беретін жасыл түсіне жолды кесіп өтіп бара жатқанда байқаусызда бетпе-бет соқтығысып қалған.
Салдарынан Василий Васильевич құлап, ауыр жарақат алды. Ардагер шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізілді.
Бүгін мектеп оқушысы ата-анасымен бірге ауруханаға барып, ардагерден кешірім сұрады. ОС ардагері Василий Васильевич Макиенко кешірім сұрауды жылы қабылдап, еш ренішінің жоқ екенін айтып, бұл жағдайды ұмытуға шақырды.
Бұл кездесу адамгершілік пен түсіністіктің әсерлі сәтіне айналып, бәрімізге мейірімділік, шынайылық пен кешірімнің маңызын еске салды.
