KITF көрмесі: СҚО делегациясы өңірдің туристік маршруттары мен нысандарын цифрландыру бойынша меморандумға қол қойды
23-25 сәуір аралығында Алматыда өтіп жатқан Қазақстан халықаралық KITF көрмесі аясында Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы туризм саласындағы цифрландыру қызметтерін көрсететін «Inside travel group» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды QZ News.
Аталған компания туристік нысандар үшін мобильді қосымшалар, 3D-турлар, интерактивті карталар мен QR-кодтар әзірлеуге маманданған.
Компания Солтүстік Қазақстан облысының туристік маршруттары мен нысандарын цифрландыру жұмысына тартылатын болады.
Мұндай меморандумға қол қою облыстағы туризмді дамыту жолындағы маңызды қадам болып саналады, бұл өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.