СҚО әкімі Петропавлдағы жол өткелінің және “Қарасай” стадионының құрылысымен танысты
Облыс орталығындағы Универсальная көшесінде темір жол арқылы өтетін автожол өткелінің құрылысы басталды. Қаланы аралау барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл нысанның құрылысымен танысты. Жаңа жол өткелінің арқасында Петропавлдағы көлік ағыны жеңілдей түседі, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Сонымен қатар, өңір басшысы спорт нысандарының жұмысымен де танысты. “Қарасай” стадионын қайта жөндеудің бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Жылыту және автосуару жүйесі бар жаңа футбол алаңы, жарықтандыру, электронды табло мен дыбыс жабдығы орнатылды. Жобаның екінші кезеңінде трибуналар мен оның астындағы үй-жайларды жаңарту жоспарлануда.
Облыс орталығында жеке тұрғын үй құрылысының инфрақұрылымы дамып келеді. Жаңа «Солнечный 2» және «Южный» шағын аудандарында жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы кезекте тұрғандарға жеке баспана салу үшін 3 мың тегін жер телімі беріледі.