Петропавлдағы сауда орталықтарында денсаулык акциясы өтті
Өткен демалыс күндері Петропавл қаласындағы сауда ойын-сауық орталықтарында десаулық акциясы өтті. Бұл шараны «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның облыстық филиалы ұйымдастырды. Акция «Тайга», «Квартал» және «City Mall» сауда орталықтарында өтті, деп хабарлайды QZ news.
Іс-шара барысында қала тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі туралы жан-жақты ақпарат беріліп, денсаулықтарын тексеруден өтуге мүмкіндік жасалды.
Қор филиалының қызметкерлері петропавлдықтардың МӘМС жүйесінің артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, МӘМС аясында азаматтар скринингтерден, УДЗ, ЭКГ тексерістерінен, сондай-ақ КТ мен МРТ аппараттарымен жүргізілетін зерттеулерден өте алатыны айтылды.
Шараға қала тұрғындары үлкен қызығушылық танытты – оған шамамен 150 адам қатысты. Қалаған әрбір азамат артериялық қысымын, қан құрамындағы қант деңгейін өлшетіп, бойы мен салмағын анықтады. Бұдан бөлек, келушілер білікті медициналық мамандардан денсаулықты сақтау және жақсарту жөнінде пайдалы кеңестер алды.